Қызылорда облысы бойынша жалпы білім беретін мектептердің жаңа 2023-2024 оқу жылының дайындығы.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 326 жалпы білім беретін мекеме бар, оның 315-і мектеп, 11-і мектеп-интернат.
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметіне сәйкес жалпы білім беретін ұйымдардағы тығыздылық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу мақсатында республикалық, жергілікті бюджет есебінен Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында 3100 орынға 10 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Аумақтық басқармалар бақылауында апаттық ғимаратта орналасқан 6 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің 4-еуінің мәселесі шешімін табады.
Өңірде жүргізіліп жатқан білім ордалары құрылыстарының нәтижесінде апаттық мектептердің мәселесі 2025 жылы толық шешімін табатын болады деп жоспраланып отыр.
Үш ауысымға оқыту қаупі бар 6 мектеп бар. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға қосымша оқу ғимаратының құрылысы жүргізілуде, бүгінгі таңға 1 мектептің қосымша ғимарат құрылысы аяқталды. Қалған 2 мектеп биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық жаңа мектеп есебінен шешілетін болады.
Облыс бойынша 315 мектептің 75-сі қалада, 240-ы ауылдық елді мекенде орналасқан, 88% – типтік жобада, 12% – бейімделген ғимаратта орналасқан, 94% орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Мектептердің 97% орталықтандырылған, бу қазандық арқылы, 9 мектеп пешпен жылытылады, 68 мектеп орталықтандырылған лас су жүйесіне қосылған болса, 247-сі жергілікті септикпен қамтамасыз етілген.
Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептің 293-де спорт залы бар, барлығы қажетті спорттық, гимнастикалық құрал-саймандармен жабдықталған.
Оқушыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 305 мектеп медкабинетпен қамтамасыз етілген, қажетті медициналық инвентарлармен жабдықталған.
Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы барлық мектепте ішкі әжетханалар жұмыс жасауда.
Жаңа 2023-2024 оқу жылы қарсаңында жергілікті әкімдік пен білім бөлімдерімен бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын зерделеу мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық аудан, қалада бірлескен бұйрық негізінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары арқылы 141 мектептің дайындығына мониторинг жүргізілді, қалған мектептерге мониторинг жалғасуда.