Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ІІІ тоқсандағы есепті кездесулері Іңкәрдария және Ақжарма ауылында жалғасын тапты. Халықпен кездесуде аудан басшысы Ел Президентінің тапсырмасы негізінде, аймақ басшысының қолдауымен елді мекендерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Іңкәрдария ауылында Абай, Сейдахмет және Жамбыл көшелері орташа жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ, елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік бекетке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Ал биыл Ақжарма ауылына 2 насос алынып, ауыл ішіне аяқ су жеткізілген. Одан бөлек, тіректі елді мекенді газдандыруға қатысты демеушілік есебінен жоба әзірленген.
Халық жиынында тұрғындар білім, денсаулық, қоғамдық тәртіпке байланысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Аудан әкімі ұсыныстардың негізінде алдағы жұмыстар жоспары жасалатынын атап, тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Кездесулерге аудан прокуроры А.Кемалов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, құқық қорғау қызметкерлері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.