Бала қауіпсіздігіне ата-ана ғана емес, ұлт болып алаңдаушылық танытқан жөн. Өйткені ұрпақ – өмір жалғасы. Білім маусымы басталып, балалардың жол қауіпсіздігін басты назарға алу керек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық Полиция департаменті ЖПҚ басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жұлдызбек Кускеев мәлімдеді.
– Балалардың қатысуымен орын алатын жол апаттарының алдын алу мақсатында осы жылдың 10-тамыз 30-қыркүйек аралығында ІІМ нұсқауына сәйкес «Назар аударыңыз балалар!» іс-шарасы өтуде. Облыста орналасқан 295 мектептің аумағында орнатылған жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, яғни жол белгілері, жол үсті таңбалары, жылдамдықты шектейтін жасанды тегіс-еместік қондырғыларға тексеру жүргізілді. Жолданған нұсқамалар негізінде, көліктердің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды тегіс-еместіктің 31 данасы қайта қалпына келтірілді. Жаңадан 75 жол белгісі орнатылып, 100-і қайта қалпына келтірілді. 91 мектептің жаяу жүргіншілер өтпесінің таңбалары жаңартылуда, – деді Жұлдызбек Серікұлы.
Жол апаттарының негізгі себептері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы. Осы орайда, жүргізушілердің назарына жылдамдықты межеден асырмай, жол ережелерін сақтап жүруді ескертеміз. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер де жол жағдайын ескеріп, тек белгіленген орыннан өту қажеттігін ескергендері абзал.