Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн.га сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында теңіз табанында жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Осы орайда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрылған Республикалық штабы а.ж. 21-24 тамыз аралығында теңіз табанына арнайы барып, мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысын бақылады.
Еске салсақ, теңіз табанындағы жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасатын болады. 2021 жылы 100 мың га, 2022 жылы 250 мың га жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілсе, биыл 250 мың га жерге сексеуіл егу жұмыстары кезең кезеңімен атқарылуда.
Облыста мемлекеттік орман қоры саналатын жер 7 млн гектарды құрайды. Оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Осы алқаптың негізгі құрамын, яғни, 83 пайызын сексеуіл бұтасы құрайды. Ал аймақтағы табиғат байлығын қорғайтын 8 мекемеде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың міндеті – өңірдегі орман мен тоғайлы жерлердегі қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, өсіру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөнінде тапсырмасы бар. Соған сәйкес екі жыл бұрын 101 мың гектар сексеуіл егіліп, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар атқарылуда. Былтырғы меже – 250 гектар жер толығымен қамтылды.
Биыл да 250 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстарды іске асыру жоспарланған. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп 53 мың гектар жерге сексеуіл көшеті егілуде. Бұдан бөлек, күзде 47 мың гектарға тұқым себіліп, 141 тоннадан астам галофитті жүзгін, қарабарақ, сарысазан бұталарының тұқымы жиналады. Сонымен қатар, уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Оның көлемі – 168 гектар. Мұнда жерсіндірілген әртүрлі көшет өсіріледі. Айта кетейік, теңіздің құрғаған табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу, жобалау жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 55,9 млн теңге бөлінген.
– Жалпы құрғаған теңіз ұлтаны қараусыз қалмайды. Ондағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылды. Аралдың деңгейі 1968-1990 жылдар аралығында негізгі жағалаудан 100-150 шақырымға дейін қайтқаны белгілі. Бұрынғы су жатқан ұлтан жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. 1991 жылы «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, құрғаған ұлтанды орманға айналдыруға өңірдегі орманшылар жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және молайту» бағдарламасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2008-2014 жылдар аралығында теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызып қана қоймай, тұқымын себу жұмыстары жүргізілді. 2018-2020 жылдары Корея Республикасының орман қызметінің қолдауымен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы іске асып, 13 мың гектардан астам жерге сексеуіл көшеті отырғызылды, – дейді Арал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев.
Басшының айтуынша, орманшылардың еңбегіне тұрарлық әрі оларды қолдауда жақсы жаңалық жоқ емес. Екі жыл бұрын Арал мен Қазалы орманшыларына су жаңа техникалар берілген еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2 дана өрт сөндіру автокөлігі, 6 дана ХТЗ тракторы алынды. Ал былтыр орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 трактор, 6 орман отырғызу агрегаты, 2 өрт сөндіру машинасы, 2 патрульдік автокөлігі беріліпті. Бұған қосымша бірнеше қажетті жабдықтар алынған. Ал орман өртін болдырмау, алдын алу үшін тиісті мекемелерде 11 өрт сөндіру көлігі мен 53 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Жалпы 2022-2024 жылдары теңіз ұлтанында сексеуіл егуге қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп тұрмақ.