«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партия ұйымының 2021-2022 жылдардағы жұмысы қорытындылады.

Алқалы жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов партия филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңес Бюросы мүшелері және аумақтық партия филиалдарынан сайланған 249 делегат қатысты.

Конференция барысында партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов атқарылған жұмыстарды кеңінен жеткізді. Мәселен, есепті мерзімде партияның 1 облыстық, 1 қалалық және 7 аудандық Сайлауалды бағдарламалары бойынша жоспарланған 1 499 іс-шараның 97% орындалған.

Мәселен, бағдарлама аясында балабақшалар желісінің өсуі нәтижесінде 2-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылуы 88,8%, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 100%-ға жеткен. Өңір тұрғындарының көгілдір отынды пайдалану деңгейі 70 пайызды құрайды. Оның ішінде қалалық тұрғындар 100 пайыз, ауыл тұрғындары 50 пайыз қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 75 пайызға жетпек. Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 82%. Жыл соңына дейін 87,5 пайызға өспек. Облыс тұрғындарының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 98,1% құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізетін боламыз,- дейді партияның облыстық филиалының Төрағасы Наурызбай Байқадамов.

Есепті мерзімде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 8005 өтініш түсіп, олардың 64,2% оң шешілген. Үш мыңға жуық өтінішке заң тұрғысынан тиісті түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген. Мұнан бөлек, 35 ауылда мобильді қабылдаулар өтіп, оларда көтерілген 579 мәселенің 43,3% шешімін тапқан. Ағымдағы жылға жоспарланған 16 қабылдаудың 8- і өтіп, оларда 96 тұрғынның 29 сұрағы қанағаттандырылған.

«Халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс жасауда бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан партиялық жобалармен қатар жаңа жобалардың іске қосылуы да қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізіп отыр»,- дейді филиал төрағасы.

Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облысқа ағымдағы жылы 3 млрд. теңге бөлініп, 600 микрокредит беру және 636 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге 199 млн. тг құрайтын 30 жобаға несие берілген. «Жер аманаты» жобасы бойынша көлемі 157,1 мың га болатын 256 жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл 200 мың гектар қайтару жоспарланып, оның 69% орындалған. «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында 742 әлеуметтік нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жасалып, нәтижесінде 314 нысанға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов сөз алып, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

«Мен есепте айтылған жұмыстарды кеше ғана ауыл аймақтарды аралап, көзбен көрдім. Халықпен тікелей тілдесіп, жағдаймен таныстым. Онда көтерілген мәселелер партияның алға қойған міндеттерінде көрініс тапқан. Енді сайлауалды уәделердің уақытылы және сапалы орындалуына Мәжілістен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция мүшелері, партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары бір кісідей жұмыла жұмыс жасауымыз қажет», -деді өз сөзінде. Мұнан соң қалалық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жетекшісі Талғат Мақашов, партияның Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Қаракеткен» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мирамкүл Жүсіпова мен Қазалы аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұрбек Ақпанбетовтер жарыссөзге шығып, ұсыныс – пікірлерін білдірді.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев сөз алып, тұрғындардың әлеуметтік – экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті. Конференция барысында күн тәртібіне сәйкес партия филиалының бақылау – тексеру комиссиясының есепті мерзімдегі атқарған жұмысы тыңдалып, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің және бақылау – тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланып, алдағы жұмыстар пысықталды.

Ақпарат үшін: «AMANAT» партиясының Қызылорда облысында 1 аймақтық, 9 аумақтық филиалы, 241 бастауыш ұйымдары, 45 мыңға жуық мүшесі және мыңдаған жақтастары бар. Биылғы есеп беру – сайлау кезеңінде 78 немесе 47,9% бастауыш партия ұйым жетекшілері жаңадан сайланды. Соңғы сайлау қорытындысымен барлық мәслихаттардағы орынның 79,6 пайызын иеленуде.

БӨЛІСУ