Аз ғана уақыттан соң кезекті жаңа оқу жылы басталады. Осыған орай бүгін аудан әкімдігінің баспасөз орталығында Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы және білім саласына қатысты өзекті мәселелер жөнінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Сала басшысының мәліметі бойынша 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша жалпы білім беретін 43 мектеп, оның ішінде 34 орта мектеп, 3 негізгі мектеп, 3 бастауыш мектеп, 1 кешкі мектеп және «Samgau school» және «Ziyatker School» жеке мектептері жұмыс жасайды. Оның 40 білім ұйымы қазақ тілінде оқытатын мектеп болса, 3 екі тілде оқытатын аралас мектеп.
Шиелі ауданы бойынша 43 білім беру мекемелерін 1-11 сынып аралығында 19007 оқушымен бастап, 18915 оқушы аяқтаған. Негізгі мектепті 1766 оқушы бітіріп, оның ішнде 194 бітіруші негізгі орта білім туралы «Үздік аттестатқа» ие болды. Орта мектепті бітіру туралы аттестатты 985 бітіруші иеленді, оның 830 Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатысты. ҰБТ-дің ІІ легінің қорытындысы бойынша ауданның орташа балы – 77,75 балл, ең жоғарғы балл – 130 балл. 65 түлек ерекше үлгідегі «Алтын белгі» белгісін иеленгенін тілге тиек етті.

Мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 732 түлектің 571-і (78 пайыз) мемлекеттік грант иегері атанды. Оның ішінде, 231 педагогикалық мамандықтар бойынша, 59 медициналық, 140 түлек техникалық мамандықтар бойынша, 41 түлек ауылшаруашылығы және 100 түлек басқа саладағы мамандықтар бойынша грант иеленген.
Жібек Орынбайқызының айтуынша, ауданға 8 мамандық бойынша облыс әкімінің гранты бөлінген. Сонымен қатар мемлекеттік колледждер мен жеке колледждерге, жеке ЖОО – на түсуге мүмкіндіктер жасалып отыр. Сонымен қатар, кент орталығында орналасқан «Шиелі индустриалды аграрлық колледжімен» әріптестік қарым-қатынас орнатылып, кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу тұрақты жолға қойылған. Былтырғы, 2021-2022 оқу жылы қорытындысымен 9 сынып бітірушілер арасынан 121 түлек осы колледжге оқуға түскен. Биылғы мемлекеттік тапсырыс 180 балаға беріліп тұр. Биылғы болжам бойынша мектеп бітіруші түлектердің 99,2 пайызы, (өткен жылы 98,7 пайызы) орналасады деп күтілуде.
Білім бөлімі басшысының мәліметі бойынша 2023-2024 оқу жылына 1 сыныпқа 1644 оқушы келеді деп күтілуде. Оның 1564 қазақ сыныптарында, 80-і орыс сыныптарында оқытылады.

БӨЛІСУ