Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ахун ауылына барып, елді мекенде жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмысты сапалы атқаруды және мерзімінде аяқтауды назарға салды.
Ауданға қарасты Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарын газдандыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған. Соған орай, биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге қаржы бөлінді. Елді мекенде газ құбырларын жүргізу сәуір айынан басталды. Құрылыс монтаждау жұмыстарын “Ремстрой” ЖШС жүргізуде.
Сонымен қатар, аудан әкімі елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бекетке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталып қалған.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілімен сөйлесіп, ескертулер айтты, мерзімінде орындалуын бақылауда ұстауды сала басшыларына тапсырды.