Еліміздегі жылу энергетикалық кәсіпорындарға 36,8 млн тонна көмір жөнелтілді.
ҚР Үкіметінің отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. Ілияс Оспанов алдағы жылу беру маусымына көмір қорын дайындауға байланысты қолға алынған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ілияс Оспановтың айтуынша, биыл жылу беру кезеңінде көмірге деген қажеттілік 9,1 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға 2,4 млн тонна және халықты 6,7 млн тонна көлемінде қатты отынмен қамтамасыз ету керек.
Биылғы 7 айда елімізде шамамен 62 млн тонна көмір өндіріліп, оның 4 млн тоннасы коммуналды-тұрмыстық бағыт пен халыққа жөнелтілді. Бұған қоса жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындарға 36,8 млн тоннаны көмір жіберілді. Өнеркәсіп кәсіпорындарына 2,7 млн тонна қатты отын жеткізілді.
Әлеуметтік көмірдің қайталама саудасын тежеу мақсатында ведомство отынның осы түрін автокөлікпен әкетуді тыйым салатын шараларды қолға алды. Мәселен, 2023 жылдың 26 мамырында Қазақстаннан көмірді автокөлікпен шығаруға 6 айға дейін шектейтін бұйрық шықты.
«Біз еліміздегі маңызды нысандарды көмірмен сапалы қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп келеміз. Бұл міндет министрліктің ерекше бақылауында. Күн сайын арнайы талдау жүргізіледі. Көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары мен осы бағыттағы іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, өңірлерге, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жіберілді», – деді І.Оспанов.
Бұдан басқа, министрлік тарапынан коммуналдық-тұрмыстық көмір экспортына жол бермеу үшін арнайы шаралар әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар І.Оспанов жергілікті атқарушы органдарға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейту қажет екенін жеткізді. Бұған дейін әкімдіктерге осы бағыттағы жұмыстарға монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін жұмылдырып, мобильді қосымшалар арқылы көмірдің құнын төмендетуді пысықтау қажеттігі туралы айтылған болатын.