ҚР Оқу-ағарту министрлігі ауылдық мектептердің дарынды, талантты оқушыларын анықтау, оларға қолдау білдіру, сондай-ақ халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру мақсатында ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиаданы енгізуде. Мұндай интеллектуалды сайыстар жаңа 2023-2024 оқу жылында алғашқы рет өткізіледі.

Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Ол аудандық, іріктеу және республикалық кезеңдерден тұрады.

Қорытынды кезеңнің қатысушылары Республикалық сырттай оқу мектебіне қосымша білім алу үшін қабылданады. І-дәрежелі диплом алған жеңімпаздар оқу-жаттығу жиындарына шақыртылып, Жалпы білім беретін пәндер бойынша ұлттық олимпиадаға жолдама алады.

Сондай-ақ, тәлімгер-ұстаздар үшін де дайындық жиындарын өткізу жоспарлануда.

Биылғы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінен 10 000-нан астам педагог Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының қызметін ұйымдастыру бойынша білім алады.
Бұл бастама балаларды оқыту, тәрбиелеу, дамытумен қатар, позитивті ата-ана болу мәдениетін дамытуда отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған.

Курс қорытындысы бойынша әрбір курс тыңдаушысы өзінің білім беру ұйымының ерекшеліктерін ескере отырып, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының қызметін жобалау бойынша кәсіби құзыреттілігінің деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін қорытындылау жұмысын қорғайды.

БӨЛІСУ