Жаңақорған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеевтің шығармашылығына арналған “Сағындырған әндер-ай” атты әдеби-музыкалық шарасы өтті.
Шараға композитордың шәкірттері мен көзін көрген замандастары қатысып, оның өнері мен шығармашылығы, сондай-ақ қазақ ән әлеміне қосқан үлесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы санаулы ғана ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған композитордың қаламынан туған төл туындылардың өшпейтіндігін, қайта жыл өткен сайын жаңаратындығын айтып, шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді. Кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған тарих ғылымдарының докторы, Қазақ-Түрік Университетінің профессоры Хазрет—Әлі Тұрсын ән өнерінде өзіндік орны бар әнші-сазгер жайында көпшілік біле бермейтін тың деректермен бөлісті.
Кеште сазгердің қалың елдің ыстық ықыласына бөленген “Асыл жар” әнін композитордың шәкірті Сауран Елеуов, “Сырдария” әнін ҚР-ның мәдениет қызметкері, әнші Үміт Медеуова орындаса, халық жадында осы күнге дейін сақталып келе жатқан “Ақ гүлім”,” Жұмыртқадай аппақ болған жеңешем”, “Сары бидай” әндерін аудан өнерпаздары мен әншінің ізін әрі өнерін жалғастырушы Әбсұлтан Байкенжеев орындап, жиналған көпшілікті әуезді әсем әнге бөледі. Кеш қонағы өнертанушы, жырау Марат Сүгірбай әнші – сазгердің өнерге қосқан үлесін саралап, әндерінің шығу тарихымен таныстырды.