Бүгінгі таңда қазақстандық фермерлер 2,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жинады, ол жоспарланған көлемнің 14,1% құрайды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында бүкіл ел бойынша басталған егін жинау науқанының барысы туралы айтып берді.

Сондай-ақ ол орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнерден 2,8 млн тонна астық бастырылғанын хабарлады. Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егін жинау алаңы 24 млн га, оның ішінде дәнді дақылдар17,4 млн га құрайды.

Министр вегетациялық кезеңде кейбір өңірде суармалы су болмай, құрғақшылық болып, бұл дақылдардың жағдайына әсер еткенін атап өтті.

«Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша дәнді дақылдардың 45,1%  жақсы, 46% қанағаттанарлық және 7,5% нашар жағдайда. Бұл ретте, 181 мың га немесе астық дақылдарының 1%-ға жетпейтін бөлігі негізінен Павлодар облысында құрдымға кетті. Бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 2,4% төмен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ,  құрғақшылық болған 2021 жылы егіннің 3,8% құрдымға кеткен болатын», – деді АШМ басшысы.

Қырғызстан тарапынан судың аз түсуіне байланысты Жамбыл облысында шамамен 7,8 мың га, оның ішінде 1,2 мың га қант қызылшасының дақылдары зардап шекті. Қазіргі уақытта өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және фермерлердің шығыстарын жабу, республикалық бюджеттен субсидияны толық көлемде жеделдетіп төлеу және несиелерді ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп толықтырды министр.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 426 мың тонна жеңілдікті дизель отыны, оның ішінде 58 мың тоннасы жемшөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін бөлінді. Барлық шығыстарды ескере отырып, фермерлер үшін орташа баға литріне 250 теңгені құрайды, бұл нарықтық құннан 15%-ға төмен.

Ербол Қарашөкеев астық сақтау объектілерінің жай-күйі туралы да айтып берді. Қазақстандағы элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды, бұл өткен жылдардың өтпелі қалдықтарын ескере отырып, болжамды егінді сақтауға жеткілікті.

Егін жинау науқанын табысты өткізудегі негізгі мәселе фермерлерді қаржымен қамтамасыз ету болып отыр. Былтырғы жылдағыдай «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрады. Азық-түлік корпорациясының желісі бойынша астық жеткізудің қажетті көлеміне келісімшарт жасалды, ол үшін 81,2 млрд теңге бөлінді, оның ішінде форвардтық сатып алу шеңберінде 21,2 млрд теңге және тауарлық кредиттер арқылы 60 млрд теңге бағытталды.

Сонымен қатар АШМ басшысы жемшөп дайындау мәселесіне жеке тоқталды. Өңірлерде шамамен 1,2 млн тонна пішен жиналды, бұл жоспарланған көлемнің 84,4% құрайды. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және жем жинау жұмысы басталады. Ауыл шаруашылығы жануарларының рационында негізгі азық болып табылатын шөп жинау көлемі 19,6 млн тоннаны немесе жоспардың 78,2% құрады.

Шөп дайындаудың жақсы қарқыны Қостанай (100%), Түркістан (95,2%), Жамбыл (94%) және Солтүстік Қазақстан (92,9%) облыстарында байқалады.

«Жедел штабтың екі отырысының қорытындысы бойынша әкімдіктерге жемшөп дайындауды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу тапсырылды. Нәтижесінде, бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», – деп толықтырды министр.

Алайда, Павлодар облысының 4 ауданында шөптің аз болуына байланысты жемшөп дайындау қарқынынан біршама артта қалушылық байқалады. Жақында өңірге Ауыл шаруашылығы вице-министрі барды, ол жайылымдар, шабындық жерлер мен бидай дақылдарының алқаптарын тексерді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және тұрғындармен кездесулер өткізілді.

«Министрлік Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, қажетті жемшөп көлемін дайындау, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстарды үйлестірді. Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісімен  фермерлердің несиелері бойынша борыштарын ұзарту, сондай-ақ өтінімдері резервте тұрған субсидияларды жеделдетіп төлеу жөнінде шаралар әзірленді. Бұл шаралар өңірде жемшөп жинау мен жемшөп дайындауды табысты жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Ербол Қарашөкеев.

БӨЛІСУ