Облыс әкімі Н. Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгін аудан әкімінің өкімімен құрылған арнайы мониторингтік топ Арал қаласындағы әлеуметтік нысандардың жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындығын тағы бір мәрте пысықтады.
Жұмысшы топтың жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Б. Төрахметов, қоғамдық кеңес төрағасы А. Жоланов пен әр салаға жауапты мекеменің басшылары және орынбасарларымен бірге балабақшалар мен мектептерді және колледжді аралады.
Ғимараттардың кіре-берісінен бастап, бу қазандықтарына дейін зерделеген жұмысшы топ кейбір нысандардың өртке қарсы дабыл қондырғыларында ақау барын анықтаса, кейбірінің бу қазандығы орналасқан ғимаратта өзге де тұрмыстық тұтыну заттары қойылғандығын сынға алды.
Сондай-ақ, нысандардағы жылу жүйесіне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары, отын қорының көлемі мен олардың алдағы жылыту маусымына жеткізілуі де пысықталды.
Зерделеуден кейін топ мүшелері міндетті оқу қорынан бөлінетін қаражаттардың мақсатты жұмсалуы мен аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға материалдық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын “Мектепке жол” республикалық дәстүрлі қайырымдылық акциясының орындалу барысын нақтылады.
Қорытындысымен аралау барысында кемшіліктер анықталған мекеменің басшыларына 2 күн мерзімде ретке келтіру тапсырылды.
Әлеуметтік нысандардың әзірлігін зерделеу алдағы күндері де жалғасатын болады.