Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихаттың кезекті VІІ сессиясына қатысты. Сессияның күн тәртібінде 10 мәселе қаралды. Кезекті сессия жұмысына аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Б.Сәрменбаевтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Аудан басшысы алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Ел Президентінің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда жоспарланған ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға, инвестиция 72,4 пайызға өсті. Биыл аудан бойынша егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға, жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 34 пайызға артты.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауданда құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. 2023 жылға 11,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тапты. Жол жөндеу саласында да жұмыс қарқынды. Биылға 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Сол бойынша 27,6 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланды. Есепті кезеңде 14,3 шақырым жол қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өтті.

Биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды аудандық мәслихат депутаттары жоғары бағалады.

Мұнан соң күн тәртібіндегі барлық мәселе реттілігімен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ