Жақында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Шолпан Ата қаласында Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымына мүше елдердің сүңгуірлері мен құтқарушыларының қатысуымен 10-шы халықаралық тренинг аяқталды. Ұйымдастырушы – Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Сүңгуір қызметі.
Аталған іс-шарада Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің бірінші орынбасары Азамат Мәмбетов кәсіби шеберліктің артуын жоғары бағалап, халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының барлық қатысушыларына табыс тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 8-18 тамыз аралығында Шолпан-Ата қаласында, әлемдегі ең ірі тау маңындағы көлдердің бірінде, Ыстықкөл қаласында Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының (ХАҚҰ) қолдауымен сүңгуірлік дайындық бойынша кезекті халықаралық тренинг өтті.
Қырғызстанда ұйымдастырылған тренингке қатысу үшін Мали, Моңғолия, Әзірбайжан, Алжир, Ресей, Иордания, Палестина, Қазақстан, Египет, Сауд Арабиясы және Бахрейннен 18 сүңгуір-құтқарушы келді.
Қазақстан Республикасының өкілі ретінде осы тренингке білікті, тәжірибелі сүңгуір-құтқарушы, Қызылорда облысы ТЖД “ӨСжАҚЖҚ” ММ Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов қатысты.
Сүңгуір-нұсқаушы, сүңгуір-құтқарушы Мейрамбек Мұхамбетқалиұлы жедел-құтқару жасағы саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс жасауда.
“Сүңгуір-құтқарушыларға арналған Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының аталмыш оқу курсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.
Бұл тренингтің мақсаты – оқыту және тәжірибе алмасу, ХАҚҰ-на мүше мемлекеттердің құтқару бөлімшелері арасында сүңгуірлік дайындық саласында тұрақты байланыс орнату болып табылады.
Бұл іс-шара Қырғызстанда оныншы рет өткізіліп отыр. Жаттығу барысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізудің барлық кезеңдері өткізілді.
Бұл күндері ХАҚҰ ТЖМ құтқарушылары 8, 15, 30 метр тереңдікке сүңгу кезінде әр түрлі инженерлік-техникалық, құтқару-эвакуациялық, арнайы сүңгуірлік жұмыстар мен түрлі құтқару техникаларын орындауды үйренді.
Әр қатысушы өзінің физикалық дайындығын бағамдай алды, керемет пайдалы әсер алды және өне-бойын сынақтан өткізді.
Тренинг соңында Азамат Мәмбетов 10-шы халықаралық тренинг қатысушыларына тренингтен өткені туралы сертификаттар мен “сүңгуірдің жеке кітапшасын” табыс етті”,-деп атап өтті Мейрамбек Доспенбетов.
Мейрамбек Доспенбетов Мұханбетқалиұлы 1979 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Мейрамбектің әкесі мұғалім болып жұмыс істеген және жас кезінен бастап өзіне жүктелген тапсырмаларды толық жауапкершілікпен орындауға үйреткен. Бала кезінен бастап спортпен шұғылданды: жүзу, жеңіл және ауыр атлетика.
Ол 2003 жылдан бастап Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының құтқарушысы болды, 2011 жылдан бастап Жедел құтқару жасағының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.
Бұл тренингтің қатысушыларына Халықаралық Азаматтық қорғаныс Ұйымының сертификатын табыстайды, аталмыш сертификат халықаралық қоғамдастықтың сүңгуірлерін даярлау стандарттарына сәйкес келеді. Халықаралық тренинг қорытындысы бойынша жасақ басшысының орынбасары М. Доспенбетов “1-сыныпты сүңгуір” біліктілігін алды. Берілген сертификатқа сәйкес ол халықаралық құтқару операцияларына қатысуға құқығы бар.