Белкөл кентінің инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, биыл кенттегі Орталық көшеге және Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Оған қалалық бюджеттен 39,1 млн. теңге бөлінді. Ал, облыстық бюджеттен бөлінген 89,5 млн. теңгеге Жерұйық, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров №4, №2, №6, №9 көшелеріне қиыршық тас төселді, Сарыарқа және Путейцева көшелеріне асфальттау жұмыстары жүргізіледі.
Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елді мекеніндегі көшелердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 34,8 млн. теңге бөлініп, орталық көшеге асфальт төселінді. Бұдан бөлек, облыстық бюджетке кент пен Бірқазан ауылының жолы мен жарығына, мәдениет үйінің құрылысына 727,7 млн. теңгенің жобалары ұсынылды.
Өткен жылғы кездесуде белкөлдіктер қала әкіміне елді мекенді бөліп тұрған темір жолдың үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу қажеттігін айтқан болатын. Мәселеге орай, шұғыл шаралар қолға алынып, көпір наурыз айында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, кездесуде көтерілген мәселенің бірі қоғамдық көлік қатынасы да реттелді. Бүгінде кентті қала орталығымен жалғайтын қалаішілік №16 бағыт жаңа үлкен сыйымдылықтағы автобустармен толығып, халыққа қызмет көрсетуде.
Белкөл кентінде өңдеу өнеркәсібі дамыған. Жалпы, кентте 380 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде, биылғы жылы жаңадан 80 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 100 тұрақты жұмыс орны ашылды.