Орман қорындағы өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде» орман қорындағы өрттің алдын алу жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталмыш дөңгелек үстелге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшылығы, Облыстық жануарлар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты. Жоғарыда атап өтілген дөңгелек үстел Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимовтың төрағалығымен өткізілді.
Нұрсұлтан Жаңабайұлы іс-шара барысында республикада және өңірде орын алған орман қоры аумағындағы өрт оқиғалары туралы шолуды таныстырды. Орман шаруашылығы мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет инспекциясының жабдықталуы талқыланды. Сонымен бірге «Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» директорының міндетін атқарушы А. Жетебаев, аталмыш мекеменің директорының орынбасары М. Қаппар қызмет барысында кездесетін проблемалық мәселелерді көтерді.
Нұрсұлтан Жаңабайұлы жеке құрамның қатысуымен өткізілген оқу-жаттығулар, сабақтар жөнінде айтты. Сонымен бірге өрт туындаған жағдайда бірлесе әрекет ету алгоритмі пысықталды.
Сонымен бірге аэровизуалды құрал – дронды пайдалану арқылы орман қорын бағдарлау жұмыстары жүргізілді. Жалпы өңірде 6867 шақырымға минералды жолақтарды жүргізу жоспарланған және қазіргі таңда аталмыш жұмыс аяқталуға таяу. Аталмыш іс-шара кезінде минералды жолақтардың жүргізілу барысы да бақыланды.