Осы жылдың 11 тамыз күні Елордада «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумы өткізілді. Осы жөнінде Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы тереңірек тоқталды.
– Форум қоғамдық бірлестік құрылғалы қатарынан үшінші рет өткізілуде. Оның мақсаты – ата-аналардың бала тәрбиесінде мазалайтын басты сұрақтардың басын біріктіріп, үлкен алаңда мәселенің шешу жолын, түйткілін табу. Биылғы форум ауқымдылығымен ерекшеленіп, еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден аса ата-ана қатысты, – деді ол.
Форумда әртүрлі бағытта тақырыптар талқыланды. Мәселен, бала тәрбиесінде ата-ананың әлеуетін нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы қозғалған. Сондай-ақ, Швейцариядан арнайы келген халықаралық деңгейдегі коуч, гуманды педагогиканың рыцары, педагогика ғылымдарының докторы Марина Чайка баламен достасудың жеті негізгі жолын көрсетті.
Бұған қоса, қоғамдық бірлестік 6 өңірде пилоттық жобаларын жүзеге асырды. Соның бірі аймағымызда яғни Қазалы ауданында өткізілді. Мұнда репродуктивті тәрбие, жыныстық сауаттылық тақырыптары айтылды. Сәуір айынан басталып, шілдеге дейін созылған пилоттық жобаға 100 ата-ана, 100 студент қатысқан. Форумның делегаты, бірлестіктің жанашыр ата-анасы Арал ауданындағы №67 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Абибуллаева брифингке келіп, өз әсерімен бөлісті.