Спортшылардың кәсіби мерекесіне орай бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев спорт саласының ардагерлері мен сала қызметкерлерін, жас спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі спорт саласын дамыту екенін айтып, ұлттың абыройын, елдің мәртебесін көтеріп жүрген спортшыларға шынайы алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр өңірде спорт ғимараттарын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Біздің ауданда спортпен шұғылданушылардың саны артуда. Тұрғындарға барынша қолжетімді болуы үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Спорттық инфрақұрылымдар жаңғыртылуда, жаңа спорт кешендері мен алаңдар салынып, қолдау шаралары жүргізілуде. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен демеушілік есебімен 6 ойын алаңы салынды. Одан бөлек, 2 ойын алаңы күрделі жөндеуден өткізілді. Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатса, Бесарық ауылындағы спорт кешені биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген майталман мамандар мен саңлақ спортшылар облыс және аудан әкімінің Алғысымен марапатталды.
Мерекелік қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен сала ардагері Мектепхан Елеусінов сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, аудан бойынша 14 702 спортшы, яғни халықтың 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. Оларға 134 дене шынықтыру және спорт мекемелері тегін қызмет көрсетіліп келеді.