Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы кеңес отырысы өтті.
Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов қатысты. Сондай-ақ, жиында аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің мүшелері, бөлім басшылары, білім саласының қызметкерлері мен ата-аналар төбе көрсетті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан басшысы ең әуелі басқосудың себебіне тоқталып, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен топтық төбелеске тосқауыл қою қажеттігін айтты. Оған қоса, бұл мәселе қатаң бақылауда болып, күн тәртібінен түспеу қажет екенін тілге тиек етті. Осылайша, алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке берді.
Дәурен Оңғарбайұлы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тапсырмасына сәйкес сәуір айынан бастап, бүгінгі күнге дейін түнгі рейд жұмыстары тоқтаусыз ұйымдастырылып келе жатқанына тоқталды. Оған қоса жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жасалған түсіндірме әрі қарай жалғасын табатынын сөз етті.
Мұнан соң сөз кезегін алған Қазалы ауданы прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов білім ошақтарындағы тіркелген құқық бұзушылықтарды баяндаса, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу бойынша нақты қабылданған шаралар туралы айтып өтті.
Асылбай Шудабайұлының айтуынша, аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыстық деңгейі 88-ден 68-ге, яғни, 22,7 пайызға төмендеген.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев хабарламашыларға тапсырмаларды жүктеп, аудандағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тиісті жұмыстар күн тәртібінен түспеуі қажет екенін айтты. Оған қоса түнгі рейд жұмыстары әрі қарай жалғасып, барлығы тікелей аудан басшысының қатаң бақылауында болатынын ескертті.
Сонымен қатар, сапалы білім мен саналы тәрбиенің мәселелерін байыпты шешуде тек ұстаздарға ғана иек артып қана қоймай, отбасының, ата-ананың жауапкершілігі де маңызды екенін тілге тиек етті.
Сөз кезегін аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, еңбек ардагері Өмірзақ Түктібай мен №91 мектептің ата-аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Бақытжамал Есетова жалғастырып, отбасындағы бала тәрбиесі туралы ойларын ортаға салды.
Жиын соңында аудан басшысы барлық шаралар жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталу керектігіне тоқталды. Өйткені, бала тәрбиесіне қатысты мәселелер бір ғана салалық бөлімнің жұмысы емес, тұтас қоғамның, әрбір азаматтың қасиетті парызы болып қала бермек.