Биыл аймақта тұтынушылардың құқығы бұзылу өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға артқан. Жалпы, 7 ай көлемінде 199 өтініш келіп түскен. Келген шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты. Дегенмен, өтініштердің барлығы есепке алынып, тұтынушылардың қаражаттары қайтарылып, құқықтары заңмен қорғалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов тереңірек тарқатты.

– Жалпы тұтынушыларға барлығы 3,1 миллион теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды. Сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының жобасына ілеспе «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Қазіргі таңда Заң жобасы мәжіліске жолданды, – деді Ерқасым Жайбергенұлы.

Айта кетейік, жаңа Заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізуді ұсынумен ерекшеленеді.

БӨЛІСУ