97 мың балабақша тәрбиешілерінің жалақысы тағы 30% өседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін білім беру қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсті. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30%ға артады. Осылайша, 97 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 2,5 есеге өседі, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» бағыты мен мамандығы бойынша кадрларды даярлау 39 ЖОО мен 119 колледжде жүргізіледі. Колледждер мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, «Педагог» кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын дербес жаңартады. Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.