ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен бизнес-форумға қатысты.  Форум алаңы агроазық-түлік жүйелерінің трансформациясы және қалыптасқан үрдістер аясында өңірдегі елдердің арасындағы өзара түсіністікті жақсартуға арналған. Бизнес-форумға отандық және қытайлық жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.

АШМ басшысының айтуынша, Қытай – ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы және озық аграрлық технологияларға ие. Бүгінгі таңда осы салада екіжақты әріптестікті арттыру үшін елеулі іске асырылмаған әлеует бар.

Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының ҚХР-ға сапары аясында биылғы жылдың мамыр айында бұршақ пен жасымық, күнбағыс тұқымы, соя, мақсары мен зығыр тұқымы, сондай-ақ балық өнімдері экспорты бойынша 3 хаттамаға қол қойылғанын еске салды. Бұл қазақстандық мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ҚХР-ға экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, қаңтар-маусым аралығында Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 73%-ға артып, 578,5 млн долларды құрады.

Министр әлеуетті серіктестерге елдің инвестициялық тартымдылығы туралы  мәлімет берді. Жыл сайын АӨК-ті өтеусіз негізде субсидиялауға республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға ресурстар бөлінеді.

Сонымен қатар, қаржылық қолдау шараларынан бөлек, инвесторлар үшін әртүрлі салалық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.  Мәселен, инвестициялық келісімшарт, оның шеңберінде инвестициялық жобалар бірқатар салықтан босатылады. Стратегиялық инвесторлар салықтың негізгі түрлері, соның ішінде мүлік салығы, жер салығы, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша ерекше жеңілдікті шарттардға ие бола алады.

Ынтымақтастық перспективалары туралы айта келе, Ербол Қарашөкеев қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылығын атап өтіп, қытайлық компанияларды АӨК саласындағы бірлескен кәсіпорындарды іске асыруға шақырды.

Қытай инвесторларының қатысуымен Қазақстан аумағында СҚО-да рапс майын өндіру, Түркістанда түйе және биенің құрғақ сүтін өңдеу және өндіру сияқты маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылды.  Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің пулында 225 миллион доллар тұратын тағы 6 инвестициялық жоба бар.

Сондай-ақ, ҚХР-ға сапары аясында  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың төрт ірі қауымдастығы АӨК-те жан-жақты ынтымақтастық туралы келісті. Тиісті меморандумға ауыл шаруашылығы техникасы айналымы жөніндегі Қытай қауымдастығы, пестицидтер өнеркәсібі қауымдастығы, аралас Фосфорлы тыңайтқыштар өнеркәсібі қауымдастығы, тұқым саудасы қауымдастығының өкілдері мен ҚР АШМ басшысы қол қойды.  Тараптар ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі бірлескен тұрақты орган тетігін құруға ниетті.

Атап айтқанда, «ақылды» ауыл шаруашылығының кешенді шешімдерінің жергілікті демонстрациялық базасын құру ұсынылып отыр. Қытай тарапы Қазақстанда жергілікті жағдайларға бейімделген зияткерлік технологияларды, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы, пестицидтер, тыңайтқыштар, тұқым және су үнемдеу жүйелерін қамтитын заманауи технологияларды қолдануға жәрдемдесетін болады.

Бұдан басқа, келісім шеңберінде шөлейттенген және тұзды-сортаңды жерлерді басқару және игеру, су үнемдейтін суаруды енгізу сияқты АӨК дамуын тежейтін мәселелерді бірлесіп шешу үшін цифрлық ауыл шаруашылығының жергілікті зерттеу базасын құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, тараптар жануарлардың зиянкестерімен және ауруларымен бірлесіп күресетін болады.

БӨЛІСУ