Аудан басшысы Жандос Еркінбек Алдашбай ахун ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ауылдың жай-күйімен танысты.

Алдымен Жандос Еркінбекұлы ауылдың кіре берісінде орналасқан ауыл ажарын ашатын Омар Шораяқұлы атындағы саябақ пен мүсіннің, ауылға кіре берістегі қақпаның қазіргі жағдайының талапқа сай келмейтіндігін айтып, ауыл әкіміне қатаң ескертті.

Мұнан кейін аудан басшысы ауыл балабақшасында болып, ауылдық амбулаторияның құрылыс алаңына барды. Аудан әкімі қыркүйек айында құрылысы аяқталатын нысанды бақылауды сала бойынша орынбасарына қатаң тапсырды.

Жандос Еркінбекұлы мердігер мекеме басшылығына халық игілігіне бағытталған жауапты жұмысты мерзімінде, сапалы етіп аяқтау басты міндет екендігін ескертіп, сыннан қорытынды шығару керектігін айтты.

Әрі қарай аудан басшысы мектеп, балалар ойын алаңы мен ауылдық округ әкімдігінің ғимаратымен танысып, барлық нысандардың жағдайы сын көтермейтіндігін айтып, қалыпқа келтіру жұмыстары үшін ауыл әкіміне 1 ай уақыт берді.

Мұнан әрі аудан әкімі ауыл ақсақалдарымен кездесіп, халықты толғандыратын негізгі мәселелерді талқылады. Ақсақалдар көтерген аяқ су мәселесі бойынша алдағы жылғы бюджеттен қаржы қарастыру бойынша құжаттар дайындау үшін ауыл әкіміне тапсырды.

Сапар соңында Жандос Еркінбекұлы ауыл дихандарының бақша өнімдерінің күзгі жиын-терін жұмыстарымен танысты. Мұнан соң аудан басшысы ауыл ақсақалдарының батасын алып, келесі ауылға аттанды.

БӨЛІСУ