Бүгінгі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Арықбалық ауылдық округінен басталды.
Батыр атындағы ауылдың халқымен жыл басынан бергі жағымды жаңалықтармен бөліскен аудан басшысы, алдағы жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тиісті шаралар жүріп жатқанын айтып, көпшілікті интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Ашық аспан астындағы кездесу елді мекен жұртының ұсыныс-пікіріне ұласып, бірқатар мәселелер көтерілді.
Нақтыласақ, жайылымдық жер мәселесі, автобустың тұрақты қатынауы, абаттандыру жұмыстары, ауыз судың уақытылы берілуін және аудандық полиция бөлімі мен бірқатар дербес бөлім мамандарының тұрғындармен кездесу өткізуін сұрады.
Өз кезегінде Мұхтар Әуесұлы қойылған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, алдағы жылы Жанқожа батырдың 250 жылдығы аясында ауқымды шараларды өткізу жоспарда бар екенін қозғап, ауызбіршілікте болуға шақырды. Жиын соңында ауыл ақсақалдары ел ішіндегі жалғасын тауып келе жатқан шаруаларға ризашылықтарын білдіріп, батасын берді.
Тұрғындармен кездесу Бекарыстан би ауылында жалғасын тапты. Басқосуда Мұхтар Әуесұлы ауданның тыныс-тіршілігінен хабар беріп, шешімін табатын шаруаларға да тоқталды.
Кезек ұсыныс-пікірге келгенде ауылдағы ағайын көптен қозғалып келе жатқан спорт кешенін салу мәселесін одан әрі жандандыру мен жолдарға жөндеу қажет екенін жеткізді. Сауалдарға аудан басшысы толыққанды жауап беріп, ұсыныстарды назарда ұстап отқанын, уақытымен шешім табатынын айтты.
Бұдан соң Бекарыстан би ауылындағы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектепке аялдаған аудан әкімі білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, жаңадан бой көтеріп жатқан әкімшілік ғимаратын көрді.
Айта кетейік, қос ауылдағы кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.