Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шіркейлі ауылында өткен «Өмірге құштар көңілмен» атты жігерлі ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шығармашылығына арналған аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысты. Іс-шараға «Сырдария ауданының құрметті азаматы», қайсар ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов, анасы Гүлзада Қосбергенова және ауыл тұрғындары қатысып, жас таланттар өнерін тамашалады.

Байқауда аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жігерлі ақынның өмірі мен шығармашылы кейінгі толқынға үлгі-өнеге екенін атады.

— Жырлары адамдарға шабыт беретін дарынды ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхамед Әбілқасымов мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан оқырманды жалынды өлеңдерімен қуантып, өмірге құштар екенін танытып келеді. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, рухы биік азаматтың жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы бәрімізді тәнті етеді. Оның әрбір шығармасынан өмірге деген талпынысты көреміз. Сонысымен де ақынның өлеңдері шалқар шабытқа толы. Нұрмұхамед ақынның поэзия әлемінде өзіндік орны қалыптасты. Оның «Тағдырымның жанары», «Тасжарған» атты жыр жинақтарын оқыған адам ерекше серпін алады. Ақынның өмірі мен шығармашылығын жастарға үлгі ету үшін жыл сайын көркем сөз байқауын өткізу дәстүрге айналды. Осы арқылы оның жалынды жырларымен көпшілік таныс болуда. Бүгінгі іс-шара – соның лайықты жалғасы. Сондықтан байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудандық байқауда талапкерлер сырдариялық ақын Н.Әбілқасымовтың және танымал ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Өз кезегінде Нұрмұхамед ақын іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Байқау қорытындысында әділ қазылардың шешімімен үздіктер және байқауға қатысқандар марапатталды.

БӨЛІСУ