Бүгін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұловтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өткізілді.
Жиынға қала, кент, ауылдық округ әкімдері, аудандық прокуратура қызметкерлері, полиция бөлімінің басшысы, мектеп директорлары және аудан ардагерлері қатысты.
Күн тәртібінде алдымен жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу мәселелері қаралды. Аудан әкімінің орынбасары Арал қаласында және елді мекендердегі құқық бұзушылық пен жастардың топтасып төбелесуінің алдын алу үшін ақсақалдар кеңесінің ролін күшейтудің маңызды екендігін айтты. Осыған сәйкес, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне ауыл ақсақалдарының, қоғамдастық мүшелерінің, жастардың қатысуымен кездесу өткізіп, рейдтік жұмыстарды күшейтіп, бірлескен кешенді жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Сонымен бірге, құқық бұзушылық әрекеттерді болдырмау үшін бейнебақылау камераларының маңыздылығы айтылып, аудан көлемінде жұмыс жасамай тұрған құрылғыларды жедел түрде іске қосу үшін тиісті жұмыстар жүктелді.
Бұдан бөлек Бектемір Ұлыбекұлы жаңа оқу жылы мен жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтап, жүйелі ұйымдастыру қажет екендігін айтты. Республикалық «Мектепке жол» акциясын жұмыла отырып, өз деңгейінде өткізу баса айтылса, жылу беру маусымына дайындық барысын бақылау үшін алдағы күндері арнайы тексеріс жүргізілетіндігі ескертілді.
Мәжілісте жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын жандандыру мәселесі қозғалды. Қала,кент және ауылдық округ әкімдеріне жаңа жұмыс орындарын ашу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру, мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік нысандар, шаруа қожалықтары арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту үшін нақты жұмыстарды үйлестіру тапсырылды.