Аудан әкімі Нұржан Ахатов көлік қызметкерлері күніне орай теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлерін 119 жылдық мерейтоймен арнайы құттықтады.

Кездесу барысында аудан әкімі теміржол саласының тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан экономикасын аяққа тұрғызуға көмек берген бірден-бір сала болғандығын, бүгінде маңызын жоймағандығын айтты.

– Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің қалт-құлт еткен экономикасын қиындықтан алып шыққан негізгі салалардың бірі қазақ даласында қан тамырдай ию-қию болып жатқан теміржол екенін бәрі біледі. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сол бір шақта көршілес мемлекеттермен арадағы экономикалық байланысты сақтап, сондай-ақ, одан әрі дамыта отырып, халықтың оң жамбасына келетін нарықтың бірден-бір себепшісіне айналған да Қазақстан теміржолы болатын. Тіпті, еліміздің теміржолдары арқылы 1986 жылдың 20 ақпанында әлемде бірінші болып жалпы салмағы 43,4 мың тонна және ұзындығы 6,5 шақырым болатын жылжымалы құрамға 440 вагон тіркелген пойыз жүріп өткен еді.
Уақыт тезінен өтіп, бүгін міне Сіздер 119 жылдық мерейтойды тойлап отырсыздар! Осы уақыт аралығында теміржол саласы өзінің өзектілігін жоймай, Бүгінде «Қазақстан темір жолы» еліміздегі жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын ірі компанияның бірі саналады. Сондай-ақ, темір жол саласында қазіргі таңда 109 мыңнан астам қызметкер табысты еңбек етуде. Оның ішінде өздеріңіз де барсыздар!

Баршаңызды мерейтоймен тағы бір мәрте құттықтай отырып, осынау машақаты көп, жауапкершілік жүгі ауыр саладағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!, – деді аудан әкімі. Шара соңында бірқатар азаматтар алғыс хаттар мен арнайы мерекелік төсбелгілермен марапатталды.

БӨЛІСУ