Сыр халқы үшін биыл айтулы даталарға толы жыл. Олай дейтініміз, Қызылорда облысының 85 жылдығымен қатар Сыр елінің бас шаһарына 205 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай Қызылордада ауқымды шаралар өткізілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов толық ақпарат берді.
– Биыл Қызылорда қаласына – 205 жыл. Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын Қала күні барша қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды. Қала күнін мерекелеуге байланысты 20 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілді. Сәйкесінше, осы жылдың қыркүйек айының 15 жұлдызынан бастау алып, 7 қазанға дейін арнайы бекітілген жоспар бойынша шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Шаралар легі шаһар жастарының қатысуымен бастау алмақ. Нақтырақ айтқанда, қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен түрлі деңгейдегі шаралар, және осы күні дәстүрлі «Жастар карнавалы»жастардың карнавал шеруі өткізіліп, республикалық жайдарманшылардың фестиваліне ұласады. Қала күніне арналған мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы Орталық алаңда өткізіледі деп күтілуде. Одан кейін, облысқа қарасты 7 аудан ауылшаруашылық жәрмеңкелерін, кешкі уақытта мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынады. Сондай-ақ «Қаламгерлер» аллеясында кітап көрмесі мен сатылым акциясы, “Қызылорда қасиет қайнары”атты аймақтың 85 жылдығы және қаламыздың 205 жылдық мерейтойы қарсаңында өңір дамуына өлшеусіз үлес қосқан зиялы қауым өкілдері мен жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен өтетін рухани-танымдық поэзия кеші өтеді. Дәл осы күні Өнер арбатында дәстүрлі облыстық «Қызылорда менің көзіммен» атты фотографтар байқауы өткізіліп, сүйікті қаламыздың көрікті жерлерін таспаға тартқан фотосуретшілердің көрмесі жасалады. Бұдан бөлек, «Бала барысы» облыстық балалар арасындағы турнир, «Шаттық» облыстық балалар хор ұжымдары арасында қалалық ән байқауы, «Қызылорда – болашақтың қаласы» атты жас суретшілер байқауы, қалалық музейде ашық есік күні ұйымдастырылып, мектеп оқушыларына қала тарихы таныстырылады. Мұнан өзге, «Көңілді сенбілік» жалпықалалық сенбілік акциясы, қала көлемінде қызмет жасап жүрген тазалықшыларға құрмет көрсету, сый жасау, «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» атты жалғызбасты, тұрмысы төмен, зейнет жасындағы үлкен кісілердің тұрғын үй аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, «Үздік аула» байқауымен қорытындыланады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан ардагерлермен кездесу шарасын Облыстық тарихи өлкетану музейінде өткізу жоспарлануда,-деді Асылбек Өмірбекұлы.
Айта кетейік, қала күні мерекесі осы жылдың 7 қазаны күні Ғ.Мұратбаев атындағы Орталық стадионда «Бірлік пен бақыт арнасы, Алаштың Қызылордасы» атты театрландырылған қойылым, аймақ басшысының және қала тұрғындары мен қонақтарының мерекелік құттықтауы, гала-концертпен қорытындыланады деп жоспарлануда. Қорытынды шара облыс аудандары және қаланың әр түрлі сала озаттарының шеруімен басталып, арнайы жазылған тақырыптық қойылым облыстың 85 жылдығы, қаланың 205 жылдығы және басқа да Сыр өңірінің белгілі тұлғаларының мерейтойлық даталарымен үндеседі.