Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары А.Әлназарова және Р.Рүстемұлының қатысуымен жиын өтті. Аталған отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б.Сандыбаев, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б.Шәменова, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, қалалық мәслихат депутаттары А.Мұсабаева, Р.Ысқақова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаков, облыс бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысы Е.Жалғасбаев және т.б қатысты.
Жиынның мақсаты – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өзекті мәселелері мен денсаулық саласындағы ең өзекті қаржыландыру мәселесін талқылау болды.
Алдымен, сенатор А.Шәріпбайқызы 8 шақырылымның 1 сессиясының аяқталуына орай, атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
– Негізінен сессияда 25 Заң қабылданды. Бұл Заң депутаттардың бастамасымен әзірленіп, бекітілді. Өңірлердегі болып жатқан проблемаларды тиісті Заңға өзгеріс енгізу арқылы шешу, Заңдарды сапалы түрде қабылдау, өңірлердегі болып жатқан, оның ішінде депутаттардың, атқарушы органдардың ұсыныстарын біз әрі қарай келесі сессияда пысықтап, жұмыс жасайтын боламыз. Тағы бір айта кететін мәселе – өңірлермен тығыз қарым-қатынас, байланыс орнату мақсатында Сенат қабырғасында «Өңір» деген топ бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келеді. 8 шақырылымның 1 сессиясында «Өңір» тобының құрамы қайта қаралды. Үш жыл бұл топтың құрамында мен болсам, алдағы үш жылда Р.Рүстемұлы осы топта жұмыс жасайтын болады. Сондықтан да бұл жерде тек әлеуметтік мәселелер ғана емес, инфрақұрылым, бюджет және т.б мәселелердің барлығы қамтылып, қаралатын болады, – деді сенатор А.Әлназарова.
Сондай-ақ, Семей полигонында ядролық сынаққа қатысқан азаматтарға әлеуметтік мәртебе тағайындау туралы мәселені көтерген сенатор Р.Рүстемұлы бұл мәселені Парламентте көтергендігін, алдағы уақытта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және салалық министрліктермен бірлесе отырып, азаматтардың әлеуметтік статус алу мәселесіндегі құжаттардың тізбесін азайтып, оңтайландыру негізінде жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Одан соң, күн тәртібіндегі 2 мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаковтың баяндамалары тыңдалды.
Баяндамадан соң, сенаторлар аталған мәселелерге сәйкес депутаттық сауал жолдап, сонымен қатар, Заңға тиісті өзгерістер қажет болған жағдайда бұл мәселелерді өз тарапынан назарға алатындығын айтты.
Әлеуметтік саладағы бірқатар мәселелерді талқылау мақсатында өткізілген жиында халық қалаулылары Әлеуметтік кодекстің мақсат-міндеттері мен негізгі бағыттары, медицина саласы және өзге де мәселелер бойынша ой-пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

БӨЛІСУ