Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге қаржылық қолдау туралы шешім қабылданды.

Атап айтар болсақ, АИТВ-инфекциясының (ВИЧ) алдын алу және оған қарсы күресті күшейту және халықтың негізгі топтары арасында профилактикалық жұмыс жүргізу үшін ҮЕҰ-ның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын бөлу бойынша қосымша шаралар жүргізуге 7,2 млн теңге, ағымдағы жылы медициналық ұйымдарды 25 санитарлық автокөлікпен қамтуға 512,5 млн теңге, емдеу, алдын алу ұйымдарына 105 дана компьютерлік техника сатып алуға 46,5 млн теңге, жылу маусымына дайындық мәселесіне орай Жаңақорған көпбейінді аудандық аурухана ғимаратының жылу қазандықтарын жаңалауға 54,2 млн теңге, сонымен бірге аурухананың медициналық құрал-жабдықтарының үздіксіз пайдалануда қажет ететін дизельді генераторын алуға 18,5 млн теңге қаржы қаралды.
Сонымен қатар айта кетейік, Шиелі көпбейінді аудандық ауруханасы теңгерімiндегі емхана ғимараты 2013 жылы пайдалануға берілгеніменде, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған болатын, ендi аудандық аурухана тарапынан лас суды тасымалдау автокөлігін сатып алуға 46,9 млн теңге бөлінiп, халықты қуантпақ.
Сондай-ақ, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ғимаратының жертөледегі ыстық сумен жабдықтау жүйесін қажетті материалдармен қамтамасыз етуге қосымша 11,2 млн теңге, cирек ауру түрлерімен сырқаттанатын өңiр тұрғындарын тегін дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 38,2 млн теңге, №3 қалалық емхананың су құбырлары мен жылу жүйелері, кәріз құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 14,8 млн теңге қаралды.
Жиын соңында сессия шешімiмен Жаңақорған ауданы, Б.Майлин көшесі №32А мекенжайында орналасқан «Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК филиалы ғимаратын ауданаралық «Қамқорлық оңалту орталығы етіп реконструкциялау» жобасына 328,5 млн теңге қаражат бағытталғаны да айтылды.

БӨЛІСУ