Қызылорда облысынан “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысуға 22 қыз-келіншек ниет білдіріп, маусымда өнімдерінен көрме ұйымдастырған еді. Сол көрмеде комиссия мүшелері үздік 10 өнімді іріктеп, бренд-комитеттің қарауына ұсынды.
Іріктеу кезеңінен өткен қыз-келіншектер бренд-комитеттің алдында өнімдерін көрсетіп, жобасын қорғады.
Өңірлік брендке қойылатын негізгі талаптар:
– өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі тиіс;
– өнімді дайындау кезінде қарапайым құралдар мен механизмдер пайдаланылуы керек;
– өнім мүмкіндігінше өндірілетін аумақтың өңірлік ерекшелігін көрсетуі және қамтуы тиіс;
– тауар құрамында қауіпті немесе зиянды заттардың болмауы қажет.
Бренд-комитеттің шешімімен:
– жергілікті емдік шөптерден, жантақтан, түйе және ешкі сүті қосылған парфюмерлік сабын жасауды қолға алған Арал ауданының тұрғыны Арсена Күшжанова, бал өнімдерімен айналысатын Сырдария ауданының тұрғыны Эльмира Төретаева, осы ауданда қой жүнінен текемет және өзге де бұйымдар шығарып жатқан Мәрияш Әлжанова өнімдері алғашқы үштікке енді.
Жеңімпаздарға маркетингтік сүйемелдеу, өнімді (тауарды) брендтеу, одан әрі өнімді нарыққа шығаруға қолдау көрсетіледі. Енді жеңімпаздар республикалық көрмеге қатысады.