Бүгін Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиында аудан басшысы ең әуелі жастарды 12 тамыз – халықаралық жастар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бекарыстан би ауылындағы мәдениет үйінде өткен шарада күн тәртібіндегі үш мәселе көтерілді. Ең бірінші, Қазалы ауданы бойынша жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру бойынша жоспарланған жұмыстар туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Серік Саянов баяндады.
Мұнан соң аудан бойынша жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар және жыл көлеміндегі атқарылатын шаралар барысын аудандық Мансап орталығының директоры Болатбек Баймаханов айтып берді. Ал үшінші мәселе – Қазалы ауданы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және NEET (маргинал) санатындағы жастармен атқарылған жекелей жұмыстар бойынша аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Нысанбекұлы хабарлама жасады.
Аудан басшысы Серік Елшіұлынан бүгінгі таңда жастар арасында зерделеу жұмыстары қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын сұраса,
Болатбек Құрманбайұлынан жастар практикасы және ақылы қоғамдық жұмыс бойынша еңбек шарты аяқталған жастарды тұрақты жұмыспен қамту үшін қандай шаралар қабылдап жатқаны бойынша сауал жолдады.
Оған қоса аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке жұмыссыздық мәселесін қатаң бақылауға алу қажет екенін және зейнетке шыққан мамандардың орнына міндетті түрде жастарды тартуы жайын айтты.
Мұхтар Әуесұлы ресурстық орталықтың негізі міндеттерінің бірі – жастардың мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, кәсібін бастауға жәрдемдесу екеніне тоқталып, Нұрбек Нысанбекұлынан бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.
Бұдан соң жастар арасындағы топтық төбелес бойынша айтып өткен аудан басшысы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Шудабайұлынан осы мәселеге қалай нүкте қоюға болатыны бойынша сауал жолдады.
Басқосуда жастарға қатысты ауқымды мәселелер көтерілумен қатар, аудандық полияция бөлімі, аудандық білім бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі және қала, кент пен ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Дәурен Оңғарбайұлына күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша хаттама рәсімдеуді жүктеді.
Маңызды отырыста жастар тарапынан да түрлі ұсыныстар айтылып, кәсіпкерлік бағытта берілетін гранттардың жайы сұралды.
Шара соңында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетовке ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Рүстем Мейірханұлы «Еңбек майталманы» номинациясымен марапатталады. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің “Алғыс хатын” иеленді.