Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 137 балл жинап, еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізген 5 оқушының бірі Рысқалиев Нұрсұлтанды қабылдап, құрмет көрсетті.
«Болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары – білімді жастар. Білімді де білікті жастар – еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан да, әрқашан жастарды қолдап, олардың әрбір әрекетіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде.
Осындай білімді жастардың бірі, өзінің үзеңгілестерінің оқ бойы оза шыққан Нұрсұлтан Баймырзаұлы ортамызда. Ол №220 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмәмдап, Астана қаласындағы медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша грант иегері атанды. Нұрсұлтан әке жолын қуып, болашағын медицина саласымен байланыстырып, болашақта ақ халатты абзал жан атансам деген арман-мақсаты бар.
Баламыздың талабына нұр жаусын, болашағы жарқын, алдағы өмірінде ылғи сәттілік болуына тілекшіміз»,- деді Серік Сағитжанұлы.
Салатантты жиында аудан әкімі Нұрсұлтан Рысқалиевке, ата-анасы Баймырза Өтешов пен Қазынаш Уайысқа құрмет көрсетіп, ұстазы Гүлбану Абатоваға алғыс айтты.
Шарада Арал ауданының құрметті азаматы, білім саласының ардагері, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұралы Оспанов жас түлекке ыстық ықыласын білдіріп, бата тілегін жеткізді.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында Арал ауданында 926 оқушы мектеп бітірсе, оның ішінде 727-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл 82-ні құрады. Мемлекеттік грант конкурсына өтінім берген түлектердің қазіргі уақытта 81 пайызы грант иегері атанып отыр.