Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ІІІ тоқсандағы халықпен кездесуі Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарынан басталды. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, құқық қорғау қызметкерлері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.
Алдымен, аудан басшысы тұрғындарға алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
– Биыл бірінші жартыжылдықта аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 пайызға өсті. Инвестиция 72,4 пайызға, тұрғын үй 26,9 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артты, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ауыл тұрғындары көтерген мәселе бойынша бюджет көздерінен Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылуда.
Сондай-ақ, Айдарлы ауылында Қ.Сәтбаев, Ж.Досымбетұлы, А.Жиренов көшелері жөндеуден өтіп жатса, Жетікөл елді мекенінде аудандық бюджет есебінен 3 бөлмелі 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал Аманкелді ауылында «Хозцентр», «Жетікөл жарма» каналдарының тиісті бөлігі тазартылып, аяқ су тұрақты берілуде.
Халықпен кездесуде тұрғындар жол салу, ауыз су, аяқ су, білім, денсаулық салаларына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан басшысы барлық мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, тапсырмалар берді.