Аудан әкімі Есжанов Асқарбек Темірбекұлы бүгін Таң ауылдық округінде ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер Қойбағаров Шадымұрат пен Сабырбай Ағыбаевтың 80 жасқа толған мерейтойларымен құттықтады.

Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы және аудан ардагерлері қуанышқа ортақтасып арнайы келді.

Мерейтой қарсаңында ардагерлерді құттықтаған аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы ел ағаларының еңбек жолына тоқталып өтті.

– Халқы ынтымақты сүйетін, еңбекті ту, бірлікті ұран еткен киелі мекен – біздің ауыл береке-бірлігі көпке үлгі болған, талай дарынды перзенттерін тербеткен өңір. Өздеріңіз білесіздер, біздің ауыл егін егумен айналысып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына қомақты үлес қосып келеді. Соның ішінде бүгінгі мерейтой иелері Ағыбаев Сабырбай Ахметұлы мен Қойбағаров Шадмұрат Үрметұлының айшықты қолтаңбасы бар. Ақсақал болу тым қиын – демекші, қазақта жақсы қартаю деген ұғым бар. Міне, бүгін Сабырбай және Шадмұрат аталарымыз 80 деген жастың сеңгіріне шығып,кемел жасқа келіп отыр. Бұл – арман жас, ардақты жас – деді.
Ардагерлерге шапан жабылып, аудан әкімінің құттықтауы мен бағалық сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы ауылдың бірлігін бекем, болашағын жарқын ету жолында мерейтой иелерінің көш бастап, көптің көңілінен шыққан жандар екенін жеткізіп, облыс ардагерлері атынан марапаттады.

Туған жерін түлетуде бүгінгі күні өз қолтаңбасын қалыптастырған «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы ауылдың даму жолында шаруашылықта шыңдала жүріп жарқын істердің себепкері болған 80 жасқа толған ардагерлерге шаруашылықтың атынан құттықтап, ат мінгізді.

Бүгінде халықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен өз саласының үздіктері мен елдің ынтымағын ұйыстыра білген ардагерлерді атаулы мерекелерімен құттықтап, көпке үлгі ету дәстүрі қалыптасты. Бұл қамқорлық жолы өскелең ұрпаққа өнегелі жол салар келелі іс болып жалғаса бермек.

БӨЛІСУ