Бүгінде облыста алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қызу жүруде. Әсіресе, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың дайындығы қатаң бақылануда. Тиісінше, биыл облыстағы 20 әлеуметтік нысанның қазандықтарын жаңарту жұмыстары жоспарланды. Аталған жобаға «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджет пен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда 10 нысанның қазандықтары жаңартылуда. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов хабарлады.

–Алдағы жылу беру маусымын тұрақты өткізу мақсатында арнайы жұмыс жоспары жүргізіліп, қажетті шаралар қолға алынды. Облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 208 км. Биыл осы жылу желілеріне техникалық тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде тозу деңгейі 47,5 пайыз екені анықталды. Осыған сәйкес, 8,9 шақырым жылу желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 8 жоба қарастырылып, оған 8,2 млрд.теңге бөлінді. Бұдан бөлек, аймағымызда 1067 әлеуметтік нысан бар. Оның 532-і білім беру, 247-і денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт кешендері. Бұл нысандарға тұрақты түрде жылу беру үшін толық тексерліп, ескірген қазандықтары жаңартылады, – деді Ерлан Ералыұлы.

Брифинг барысында облыстағы көмір қоры туралы да айтылды. Ерлан Ералыұлының айтуынша, алдағы жылу беру маусымына өңірге 238 мың тонна көмір қажет болса, бүгінде облысқа 44 мың тоннасы жеткізілді. Қатты отын бағасы 16-21 мың теңге аралығында тұрғындарға сатылады. Жалпы облыс бойынша 41 өңірлік оператор және 11 көмір қоймасы бар.

 

БӨЛІСУ