Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, киелі орындардың жағдайымен танысты. Оларды жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын саралады.
Алдымен аймақ басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің бойында орналасқан «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне барды. 2014 жылы кешеннің музей, қылует (тілеухана), амфитеатр, стелла, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылған болатын. Қобыз бейнелі, төрт элементтен тұратын стелланың биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, Қордай гранит тасынан жасалған.
Облыс әкімі бұған дейін де нысанда қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекемеге жөндеуді қажет ететін, бұзылған тұстарды қалпына келтіруді тапсырған болатын. Аймақ басшысы кешенде әлі де қалпына келтіру қажет аумақтары бар екенін ескертті.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы ХІХ ғасырда салынған жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Марал ишан кесенесіне барды. Үш жүзге пір болған Марал ишан (1780-1853) Қостанай өңірінде туған, Қармақшы ауданында қайтыс болған.
Марал ишан – дін ғұламасы, халыққа шын ықыласымен берілген әулие кісі болған. Тарихи мәліметке сүйенсек, 1841-1845 жылдары азаттық үшін күрескен Кенесары ханға қолдау көрсеткендердің бірі. Ишан мешіт салып, бала оқытқан. Бүгінде кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне, Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген. Кесене туралы ақпарат енгізілген QR-код тақтайша орнатылған. Алдағы уақытқа Марал ишан кесенесіне апаратын жол салу мақсатында жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, арнайы мамандардың тексеруінен кейін кесененің бүгінгі қалпын сақтап қалу үшін жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Айта кетейік, күні кеше облыс әкімі Жаңақорған ауданына жұмыс сапары аясында Хорасан ата кесенесінің жай-күйімен танысқан еді. ХІV ғасырда салынған кесене киелі орындарының біріне айналған. Ел арасында мұнда келушілер кесене жанындағы құдықтан су ішіп, дертінен айығады деген сенім орныққан.
Аймақ басшысы осы аумақты демеушілер көмегімен абаттандырылатынын айтты. Барлық жөндеу, жаңғырту жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс екенін ескертті.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі