Бүгін ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Министрлер мен өңір әкімдері білім беру нысандарын жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады.

Республикалық штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

«Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын мектептерді заманауи стандарттар бойынша жаңғырту мәселесі күн тәртібіне қойылған. Облыста өткен жылы 47 мектеп жаңғыртылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 564 млн. теңге қаржы бөлініп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілді. Биыл да 47 мектепті жаңғыртудан өткізуге бекітілген бюджеттен 529,5 млн. теңге бөлінді. Барлық жұмыстар жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы керек. Жаңа оқу жылы жоспарлы түрде, еш кедергісіз басталуы тиіс», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, Арал ауданында 7, Қазалыда 7, Қармақшыда 6, Жалағашта 6, Сырдарияда 6, Шиеліде 6, Жаңақорғанда 9 мектеп жаңғыртылмақ. Биылға жоспарланған 47 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізу, 24 мектепке пәндік кабинет, көркем әдебиеттер алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Мұнан бөлек, жиында мектептерге қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар сатып алу мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының 7000 заманауи робототехника, химия, биология, физика, STEM кабинеттерін ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2021 жылы 56, былтыр 63 кабинет алынды. Қазір 46 кабинет бойынша жеңімпаздар анықталып, қажетті құрылғылар жеткізіліп орнатылуда.
Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау талабына сай барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Қала, аудан орталықтарындағы білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталығына және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім басқармасына мектептерді жаңғырту жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толық аяқтап, пайдалануға берілетін мектептердің ашылуын жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды. Облыстық полиция департаментімен бірлесіп барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ