«Құқық бұзушылықтан айығып, жаңа өмірге жол аш!» принципі тұрғысында Қызылорда қалалық прокуратурасының бастамасымен Қызылорда қаласының аумағында бұрын сотты болғандар мен пробациялық есептегі тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алу, қылмыстық ниеттерінен арылу, өмірге көзқарастарын дұрыстау және оларға әлеуметтік көмектер көрсету бағытында құрылған жұмысшы топ қызметін жүргізуде.
​Осы жұмыстарды іске асыру бағытында Тасбөгет кентінің мәдениет үйінде қалаға қарасты осы кенттің және Ақсуат, Ақжарма ауылдық округінде, Сабалақ, Талдыарал елді мекендерінде тұратын пробация есебіндегі, сондай-ақ, соттылығы бойынша есепте тұрған тұлғаларға Қызылорда қаласы прокурорының орынбасары Б.Т.Мусабаев, қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығының орынбасары Г.Байсариева, қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, денсаулық сақтау басқармасының жауапты өкілдері, аймақтық пробация және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен кездесу жиыны өткізілді.
​Кездесу жиынында пробация және учаскелік полиция инспекторларының қайта қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалып, алдағы кезеңде атқарылуы тиіс профилактикалық жұмыстар мен есептегілердің түзелу жолына мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік көмектер жөніндегі мәселелердің заңдылығы мен мүмкіндіктері жөнінде түсіндірмелер берілді.
Сонымен бірге отбасы тұрмыстық жағдайында және жеке басында туындаған сұрақтары бойынша есептегі тұлғалармен жеке қабылдау өткізіліп, мемлекетпен белгіленген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз грандтар алуға қатысу, тегін медициналық көмектердің түрлері, оның ішінде арнайы медициналық техникалық аппараттардан өздері және отбасы мүшелері үшін жеңілдетілген көмектерді алу үшін міндетті сақтандыру қорының мүмкіндіктері жөнінде түсіндірмелер беріліп, қажетті өтініштері қабылданды.
​Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

БӨЛІСУ