Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Бабалар тағылымы» атты естелік әңгімелерден құралған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Шәменов, мемлекет және қоғам қайраткерлері И.Абибуллаев, А.Божанова, Ж.Бодықбаев бастаған зиялы қауым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, құрметті меймандар мен аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара басында естелік жинақтың авторы, мерейлі 95 жасқа толған еңбек және тыл ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов құрметпен сахна төріне шығарылды. Мұнан соң қадірлі қарияның өнегелі өмір жолы таныстырылды.
Мерейлі белеске шыққан тыл және еңбек ардагерін жаңа кітаптың жарыққа шығуымен аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев құттықтады.
– Бұл жинақта өңірдің дамуында ерекше аталатын тарихи тұлғалар Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай батырлар және олардың замандасы Тілеміс пен оның ұрпағы Бәймен ахун туралы деректер қамтылған. Олардың елге атқарған қызметтері мен игі істері кітап арқауы болған. Сонымен қатар, жинақта ұрпақтар сабақтастығы, олардың өмір белестері көрініс тапқан. Ата-баба рухына тағзым етуге арналған туынды ұрпақтар айта жүретін игі істің бірегейі екені айқын. Сондықтан да бұл кітаптың жастарға берер тағылымы мол. Жаңа кітаптың авторы – еңбек және тыл ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов. Өмірі өнегеге толы қадірлі қария жас ұрпақты тәрбиелеу жолында саналы ғұмырын арнап келеді. Бүгінде ардақты қария мерейлі 95 жасқа толып отыр. Ауданның дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан Рақымжан қажы Әбдіхалықұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймын! «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» еңбек жолын ұстаздықтан бастап, ағартушылық салада қажырлы қызмет ете білді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде Рақымжан Бәйменовтың есімі құрметпен аталады. Сонымен бірге аудандық партия комитетінде, облыстық сотта жауапты қызметтерді атқарып, өңірдің саяси-мәдени өркендеуіне елеулі үлес қосты. Халықпен тығыз байланыста болып, елдің құрметіне бөленді. Қадірлі қария Құдай қосқан қосағымен бірге ұлағатты ұрпақ өрбітіп, текті әулеттің ақылшысына айналды. Бүгінде аудан, облыстағы Мерейлі отбасы ретінде көпке үлгі-өнеге көрсетуде. Құрметті қарияны мерейлі 95 жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Димаш Серікбайұлы.
Аудан әкімің орынбасары ардақты қарияға аудан әкімі Б.Сәрменбаевтың Құттықтау хатын табыс етіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты және сый-құрмет көрсетті.
Сөз кезегінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Шәменов мерейтой иесін құттықтап, облыстың «Құрмет грамотасымен» және «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапаттады. Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев та құттықтау лебізін жеткізді. Ғасыр белесіне қарай қадам басқан қарияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Р.Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Ергешбаев құттықтау жеделхатын жолдаған. Жеделхаттар іс-шара барысында еңбек ардагеріне табыс етілді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер іс-шарасында «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» И.Абибуллаев, А.Божанова, Ж.Бодықбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Ғ.Тұяқбаев құрметті ардагерді мерейтойымен және сиясы кеппеген жаңа кітаптың жарыққа шығуымен құттықтады.
Өз кезегінде Рақымжан қажы Бәйменов осындай тағылым, тәлімі мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жас ұрпаққа азық боларлық мұра қалдырғаны жөнінде, жаңа кітаптың қалай жинақталғаны туралы айтты. Іс-шара қорытындысында құрметті меймандар «Бабалар тағылымы» естелік жинағының лентасын қиды.