2023-2024 оқу жылынан бастап медицина мамандықтары бойынша талапкерлерді қабылдау денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар бойынша жүзеге асырылатын болады.

Олар 2022 жылы бекітілді және медицина, педиатрия және стоматология бойынша жалпы оқу мерзімі 6 жыл және медициналық-профилактикалық іс бойынша 5 жыл үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру (ҮИМБ) білім беру бағдарламаларын енгізуді көздейді.

Сонымен қатар, фармация (оқу мерзімі – 5 жыл), қоғамдық денсаулық (оқу мерзімі – 5 жыл) және мейіргер ісі (оқу мерзімі – 4 жыл) бойынша бакалавриат бағдарламаларына қабылдау да жүзеге асырылады.

ҮИМБ халықаралық тәжірибені, Дүниежүзілік Банктің 2018-2020 жылдардағы шетелдік және қазақстандық медициналық жоғары оқу орындарының арасындағы стратегиялық әріптестік жобасының нәтижелерін талдаудың негізінде әзірленді және қазақстандық медициналық білім беру моделін еуропалық тәсілдермен сәйкестендіреді.

ҮИМБ бағдарламаларының мазмұны бакалавриат, интернатура және бейіндік магистратураны қамтиды. ҮИМБ медицина бойынша білім беру бағдарламаларын аяқтағаннан кейін түлек “дәрігер” біліктілігін және “медицина магистрі” дәрежесін, медициналық-профилактикалық іс бойынша – “дәрігер гигиенист-эпидемиолог” біліктілігін және “денсаулық сақтау магистрі” дәрежесін алады. ҮИМБ медицина және педиатрия бағдарламасы аяқталғаннан кейін маман дәрігер біліктілігін бере отырып, резидентурада міндетті оқытуды көздейді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі жоғары оқу орнынан кейінгі білім бейінді магистратура (1-1, 5 жыл), ғылыми-педагогикалық магистратура (2 жыл) және PhD докторантура (3 жыл) бағдарламаларымен ұсынылғанын атап өту қажет. Жоғары мамандандырылған кәсіби даярлық резидентураның 49 мамандығы бойынша жүргізіледі. Білім беру процесінің үштігі (медициналық даярлық, зерттеу процесі, клиникалық қызмет) клиникалық базалар туралы ережемен және “резидент дәрігер”, “тағылымдамадан өтуші дәрігер” лауазымдарын енгізумен нормативті түрде бекітілген.

Бүгінгі таңда медициналық білім беру ұйымдарында білім алушылардың жалпы контингенті 2023 жылғы бітіруді ескере отырып, 54 757 адамды құрайды: жоғары білім – 50 530, жоғары оқу орнынан кейінгі білім – 4 227 (бакалаврлар – 46 121, интерндер – 4 409, резиденттер – 3 723, магистранттар – 204, докторанттар – 300).

Ағымдағы жылы жалпы бітіру 9 247 құрады, оның ішінде білім деңгейлері бойынша: бакалавриат – 1 720, интернатура – 4 648, резидентура – 2 292, магистратура – 414, докторантура – 173. Резидентура бойынша акушерлік және гинекология; аллергология және иммунология; ангиохирургия; анестезиология және реаниматология; гастроэнтерология; гематология; дерматовенерология; хирургия; инфекциялық аурулар; кардиология; кардиохирургия; клиникалық фармакология; медициналық генетика; неврология; нейрохирургия; неонатология; шұғыл медицина; нефрология; жалпы хирургия; онкология және гематология; радиациялық онкология; оториноларингология; офтальмология; педиатрия; пластикалық хирургия; психиатрия; пульмонология; ревматология; отбасылық медицина; сот-медициналық сараптама; терапия; травматология-ортопедия; урология және андрология; физикалық медицина және оңалту; хирургиялық стоматология; жақ-бет хирургиясы; эндокринология; радиология (сәулелік диагностика); ядролық медицина; патологиялық анатомия; фтизиатрия сияқты 41 мамандық бойынша медицина қызметкері бітіріп шықты.

2023 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Білім және ғылым ұйымдарының түлектерін дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен өңірлерге білім және ғылым ұйымдарының 3 339 түлегі, оның ішінде 911-і мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде оқыған түлек ауылдық жерлерге бөлінді.

Қазақстан Республикасында медициналық білім барлық деңгейлер бойынша жүзеге асырылады: бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура.

БӨЛІСУ