Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд. 493 млн. теңгені құрап, 101,7 пайызға орындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов мәлімдеді.
Жалпы ауданда 331 шаруашылықтың 195-і егінмен және 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ биыл 37 079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.
– Бүгінде егін шаруашылығымен бірге аудана мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Биыл ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту мақсатында 11 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Одан бөлек, су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда аудан шаруашылықтары 40 дана су тартқыш насос қондырғыларын егінді суаруға пайдалануда. Мұнан өзге, аудан көлемінде барлығы 40 918 бас мүйізді ірі қара, 45 759 бас уақ мал, 24 953 бас жылқы, 801 бас түйе, 11 348 бас құс өсірілуде. Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті жерлерде картоп, бақша дақылдарын орналастыруға шаруашылықтардың демеушілігімен жаңадан 500 гектар жер дайындалып, 217 гектарына картоп, 63 гектарына көкөніс, 220 гектарына бақша дақылдары егіліп, күтімге алынды.Бұл жерлер 921 отбасыға үлестіріп берілді,-деді
Асқарбек Темірбекұлы.
Сонымен қатар, «Ер-Әлі» шаруа қожалығы егінді әртараптандыру бағытында 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, 2,5 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырды.