Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш ауданының мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ Тұрымбетұлын қабылдап, 60 жас мерейтойымен құттықтады.
– Өмірзақ Тұрымбетұлын мерейлі 60 жасқа келуімен шын жүректен құттықтаймын. Дана халқымыздың үлкенді қадірлеудің игі дәстүрі өздеріңіз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатыр. Біз «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – біздерге үлгі. Сіздерге қарап, кейінгі ұрпақ жетіліп, жаңа заманға сай сол істерді жаңғыртуда. 30 жылдан аса әр салада қызмет атқарып келе жатқан Өмірзақ Тұрымбетұлы өзін қабілетті ұйымдастырушы, білікті маман, талапшыл басшы ретінде таныта білді.
Мемлекеттік басқару саласында елеулі еңбек етіп, ауданның экономика, қаржы, ауылшаруашылығы салаларының дамуына, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып келе жатқан білікті басшы Өмірзақ ағамыздың іскерлігі мен тәжірибесі жастарға үлгі-өнеге болары анық. Аудан бойынша тұрғындардың мүддесін қорғай отырып, көтерілген маңызды мәселелерді оңтайлы шешу бағытындағы жұмыстарға Өмірзақ Тұрымбетұлы орасан зор күш салып келеді, – деді аудан әкімі.
Қабылдауға аудан және кент ардагерлерінің төрағалары, алқабилер кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағалары, ардагерлер, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Қабылдауға қатысушылар Өмірзақ Тұрымбетұлының өмір жолындағы іскерлік қабілеттері мен тұлғалық қасиеттеріне тоқталып, ауданның дамуына өз үлесін қосқан білікті басшы екенін айтып, жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.