Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Берік Тасыбайды зейнеткерлікке шығарып салуға арналған қабылдау өткізді.
– Ауданымыздың экономика, құрылыс салаларының дамуына ерекше үлес қосып, мемлекеттік басқару бағытында да аянбай еңбек еткен Тасыбай Берік Болтайұлы бүгін зейнеткерлік жасқа жетіп, «Құрмет демалысына» шыққалы отыр. Берік Болтайұлын мерейлі 63 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймын. Ауданымызда атқарылған игілікті істер, бой көтерген түрлі нысандар, ғимараттар Берік Болтайұлының атқарған жұмыстарымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың сан алуан белестерімен жүріп, партиялық, кеңестік қызметтің қиын да күрделі баспалдақтарынан өтіп Жалағаш ауданының дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға деп айта аламын,-деді аудан әкімі.
Берік Болтайұлы еңбек жолын 1977 жылы Колхозаралық құрылыс мекемесінде жұмысшы болып бастаған.
1984 жылдан бастап Жалағаш ауданы халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің инструкторы, Жалағаш аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, №17 жылжымалы механикалық колоннаның мастері, прораб қызметтерін атқарған.
1992-1996 жылдары Жалағаш ауданы әкімі аппаратының азаматтарды қабылдау және еңбекші хаттарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің аға референті, Мемлекеттік мүлік жөніндегі Қызылорда аймақтық комитетінің аға экономисті, бас маманы болып жұмыс жасаған.
1996 – 2003 жылдар аралығында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлім меңгерушісі, экономика және нарықтық қатынастар жөніндегі сектор меңгерушісі, ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс секторының меңгерушісі, аппарат жетекшісі қызметтерін абыройлы атқарған.
2003 жылдан бастап Жалағаш кентінің әкімі, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшысы, аудан әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бастап Жалағаш аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келеді.