Бүгін облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов 3-8 шілде аралығында Астана қаласында отырып ойнау волейболынан өткен Азия чемпионатында ҚР ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған спортшыларды қабылдады.
Қабылдауда аппарат басшысы Азия чемпионатының жүлдегерлеріне алғысхат табыстап, 2024 жылғы Франция астанасы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізетіндіктеріне сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Қабылдау барысында Шахмардан Асқарұлы өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барынша жол ашылғандығын, олардың спорттың бірнеше түрлері бойынша паралимпиадаларға қатысып, түрлі жаттығу орындарында шынығып жүргендігін, облыстағы мүгедектерге арналған спорт клубтарына әкімдік тарапынан әрдайым қолдау болатындығын және алдағы уақытта клуб базасымен арнайы барып танысатындығын жеткізді.