Биылғы жылдың 5-25 маусымы аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес 5 мониторингтік топ құрылып, еліміздің барлық өңірлеріндегі Облыстық білім басқармаларының жұмыстарын зерделеген болатын. Мониторингтік топ құрамына министрлік, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Академия, Талап холдингі өкілдері және Өрлеудің филиал директорлары енген болатын. Біздің топ Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласының білім басқармаларының жұмыстарына талдау жасап, тиісті әдістемелік көмек көрсеткен болатын. Зерделеу жұмыстарының талдау материалдары министрлікке тапсырылды.
2023 жылдың 10-24 шілдесі аралығында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Қорқыт Ата университеті және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты қызметкерлерінен құрылған мониторингтік топ облыстың барлық мектептерін аралап, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Зерделеу жұмысы барысында мектептердің материалдық-техникалық базасы, бейнебақылау камераларымен жабдықталуы, жөндеу жұмыстарының жүргізілу деңгейі, жылу қазандықтарының жылыту маусымына әзірлігі, асханалар мен спорт залдарының жағдайына мониторинг жасалуда.
Қазіргі таңда «Өрлеу» Қызылорда мамандары Жалағаш ауданындағы 20 мектеп, Сырдария ауданына қатысты 17 мектептің жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының деңгейіне қатысты талдамалық ақпараттарын тиісті орындарға тапсырды.