Соңғы күндері Сыр өңірінде кене кеселі көбейді. Өлім фактісі де жоқ емес. Ауру ошағы шыққан аймақтар арасында Жаңақорған ауданын да тіркелген деректер көңіл көншітпейді. Кеше тағы бір жасөспірімнен кене шақты деген дерек тіркелген еді, алайда, дерек теріске шығарылды. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, әрдайым сақтықта болған жөн. Осы жағдайларға байланысты түсіндірме жұмыстары жиі жүргізілуде.
Кеше кешкісін аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Жомарт Нұрхожаев және кент әкімінің жер жөніндегі маманы Нұрсұлтан Оразалыұлы бастаған топ үй-үйді аралап түсіндірме жұмысын жүргізді. Қорасында мал басы бар тұрғындарға сақтану жолдарын түсіндіріп, қандай дәрі-дәрмек қолдану керектігі бойынша кеңес берілді.
– Ең бастысы, механикалық тазалау жұмысын жүргізу маңызды. Сондай-ақ, малдың астауына да аса мән берген абзал. Кененің паналайтын, ұрық шашатын аумағына аса мұқият болған жөн. Біздің мақсат – тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізе отырып, осы бір маусымдық кезеңнен аман-есен өтуге жұмылдыру. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес, күн сайын кентті аралап, тұрғындармен тығыз байланыста боламыз, – деді Шерхан Ашимов.
Иә, сақтықта қорлық жоқ, сондықтан мамандарға құлақ аса отырып, бірлесе жеңіп шығу аса маңызды.