Қазақстандағы өрт сөндіру-құтқару спортына биыл 65 жыл, яғни аталмыш спорт тарихы 1958 жылдан бастау алады. Ал, әйелдер ұлттық құрамасы 2014 жылы ғана пайда болды, сол жылы алғашқы ел чемпионаты өтті.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2023 жылға арналған жарыстарын дайындау мен өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2023 жылғы 17-22 шілде аралығында Жамбыл облысының Тараз қаласында ерлер арасында өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының ХХІХ және әйелдер арасындағы ІХ “Тараз-2023” жазғы чемпионаты өткізілді. Чемпионат тақырыбы қаза болған өрт сөндірушілерге арналды.
Өрт сөндірушілерге қойылатын басты талап – кез-келген төтенше жағдайға дайын болу, жылдам және епті болу. Күн сайын мамандардың дайындықтары сыналады. Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нағыз оқыс оқиғаның ортасында. Олар қызыл жалынмен күреседі, адамдардың өмірін құтқарады. Кез-келген тәртіп сияқты, өрт сөндіру-құтқару спорты да ерік-жігерді тәрбиелейді, рухты нығайтады. Өйткені, өмір кедергілер мен сынақтардан тұрады, ал спорт оларды жеңуге көмектеседі.
Биылғы чемпионатқа Қазақстан Республикасының облыстары мен қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 20 құрама командасы қатысты. Жарысқа барлығы 324 адам қатысты.
Жарыстың әрбір түрін сапалы өткізу және объективті төрешілік ету мақсатында жарыс кезеңіне республиканың қалалары мен облыстарының ТЖД тәуелсіз төрешілері тартылды. Барлығы 25 төреші қатысты.
Жарыс 4 түр бойынша өткізілді:
Оқу мұнарасының 4-қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу;
100 метрлік кедергілі жолақты еңсеру;
4х100 метрлік өрт эстафетасы;
Өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю.
Жарыс “Тараз” қаласындағы орталық стадионда және №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында өткізілді.
Қызылордалық 17 спортшыны (ерлер командасы – 9 спортшы, 1 жаттықтырушы, әйелдер командасы – 6 спортшы, 1 жаттықтырушы) Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» бастығы Әбділдә Баекеев бастап барды.
Жарыстың алғашқы күнінде Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында «100 метрлік кедергілі жолақты еңсеру» этапында Қызылорда облысы ТЖД командасы 104,0 секундта келіп, 5-орынды иеленді.
Жарыстың екінші күні “Оқу мұнарасының 4-қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілуден” жеке біріншілікте Қызылорда облысы ТЖД командасынан Әбдібек Еркін 14,60 секундты бағындырып, 3-орынды иеленді.
“4х100 метрлік өрт эстафетасы” кезеңі бойынша – 2-ші жалпы командалық орынды Қызылорда облысы ТЖД командасы иеленді, нәтижесі 59,51 секунд болды.
Келесісі “Өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю” кезеңі – бұл командалық спорт. Старт бір уақытта жеті спортшыға беріледі және олар снарядтарға, жеңдерге жүгіріп жеткенде, олар резервуардан суды бір-біріне хабарлай отырып, нысанаға таратуы керек. “Өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю” этапында жалпы команда бойынша 25,45 секундта бағындырып, Қызылорда облысы ТЖД ерлер командасы 1-ші орынды иеленді. Бұл ретте жаттығудың осы түріндегі Қазақстан Республикасының жаңа рекордын орнатып, 2019 жылы Украинаның Луцк қаласында өрт-құтқару спорты бойынша ҚР құрама командасы белгілеген алдыңғы рекордты жаңартты.
Жарыстың барлық түрлерінің нәтижелері бойынша жалпыкомандалық қорытынды есебімен Қызылорда облысы ТЖД ерлер командасы ІІ-орынды иеленді.
Қызылорда облысының өрт сөндіру-құтқару спортының жетістігі өңіріміз үшін үлкен мәртебе, тарихи сәт. Осы мәртебеге жетуге үлкен үлес қосқан спортшылардың есімін де құрметпен атап өткен жөн. Олар: Әбдібек Еркін, Хон Виталий, Ілиясов Айболат, Сәрсенбай Сағи, Абдуапов Багуадин, Ситников Владимир, Ідіріс Әділжан, Нұржан Сейітқали.
“Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы” қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дәурен Данаевтың айтуынша: «Чемпионаттың өзге өткізілген чемионаттарға қарағанда ерекшелігі 2 рекорд қойылғандығы». Оның біреуін жоғарыда атап өткендей Қызылорда облысы ТЖД командасы қойса, екіншісін қыздар арасында Дзолба Оксана орнатты. Яғни 3-ші жартылай финалдық жарысты өткізу кезінде «100 метрлік кедергілі жолақты еңсеруде» жеке біріншілікте Алматы қаласы ТЖД спортшысы Оксана Дзолба жаттығуды 16,58 секундта орындап, 2022 жылы Қызылорда қаласында өткен чемипонаттағы өзінің орнатқан алдыңғы рекордын жаңартты.
Өрт сөндіру-құтқару спортшысы болу – үнемі тыңғылықты дене дайындығы мен үлкен еңбекті талап етеді. Солай десек те, бақ шаба ма? бап шаба ма? демекші, спортшылар тағдырын кейде небәрі бір секунд қана шешіп кетеді. Яғни “Өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю” кезеңінде әйелдер арасында 1, 2, 3 орын алған командалар тапсырманы 26 немесе 27 секундта орындаса, қызылордалық қыздар командасы “Өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю” этапында 28,18 секундты бағындырып, 5-ші орынды қанағат тұтты. Алдағы чемпионатта қызылордалық қыздар командасына да жеңіс бұйырады деп сенеміз.
Иә, өрт сөндіру-құтқару спорты барынша тыңғылықты дайындық пен жігерді қажет ететін спорт түрі. Оған қоса олар сол дайындықтарын күнделікті қызмет барысында да көрсетіп жүрген мамандар. Бұл сөзімізге дәлел – құтқарылған адамдар, сөндірілген өрттер мен жойылған төтенше оқиғалар. Сондықтан әрбір спортшы жеңістен үмітті болуы да заңды.
2023-07-25