2023 жылдың 4 айында облысымызда әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасына қол жеткізілді.

Ауыл шаруашылығының өнімі – 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,4, сауда көлемі – 2,5, инвестициялар тарту – 42,1 және құрылыс жұмыстарының көлемі – 44,0 пайызға артты.

Қызылорда облысының бюджеті 593 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (387,3 млрд теңге) 205 млрд 700 млн теңгеге, яғни 53 пайызға артты.

Бюджетіміздің 64 пайызы (378,6 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған.

Өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру (сарқылу салдарынан) 6,5 млн тоннаға азайды (2013 жылы – 10,5 млн тонна, 2022 жылы – 4,0 млн тонна).

Жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде зерттеу жалғасуда. Сараптама қорытындысы 2024 жылы анықталады.

Шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды қолға алдық.

Индустрияландыру аясында өңірде құны 607 млрд 700 млн теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – 6 мың 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

2022 жылдың қазан айынан бастап облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты нақты жұмысын бастады.

Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам (сомасы 4,5 млрд теңге) өніммен қамтамасыз етті.

Ағымдағы жылдың 4 айында 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республикамызбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.

Қазір шыны зауытының жанынан 32млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады.

Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ірі жобалардың бірі «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының (235 млрд теңге) құрылысы ағымдағы жылы басталады (бүгінде Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде).

«Бала-Сауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. 2022 жылы кешенде 454 тонна, ал биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп (аммоний метаванадаты мен ферромолибден), Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді.

Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылды («Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы»). Биыл құны 13 млрд 400 млн теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады (1-уі іске қосылды, Қызылорда қаласы, «Байұзақ» сауда үйі).

Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Атап өту қажет, аймағымыз инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді (409,5 млрд теңге, 1 орын).

Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады.

Ал бүгінде өңірімізде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Айталық, 2023 жылдың 5 айында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 1700 жобаға қолдау көрсетілді (Былтыр 42 млрд қаржы бағытталған).

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 млрд 600 млн теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33%-ға ұлғайды (жұмыс жасап тұрған субъектілердің саны 39,2 пайызға ұлғайып, 72,1 мың бірлікті құрады).

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 1 млрд 300 млн теңгеге жеңілдетілген несие берілді.

«Ауыл аманаты» аясында 2,5 пайызбен 3 млрд теңгенің 454 жобасына жеңілдетілген несие беріледі (қосымша 19,5 млрд теңгеге салалық министрлікке 2756 жоба ұсынылды).

Бұл мемлекеттік қолдау шаралары негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталуда.

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу басты міндеттеріміздің бірі.

Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 2022 жылы өңірімізде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды (жоспар 4587).

Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға тұрақтады.

Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендетеміз.

Өңірлік картамыздағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткіздік, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды.

Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орындары (тұрақтысы – 6952 немесе 36,6 пайыз, уақытшасы – 12055 немесе 63,4 %).

Ауылшаруашылығы– өңір экономикасының негізгі салаларының бірі. Табиғи-климаттық жағдайына байланысты аймағымыздың егіншілік саласы суармалы егіске негізделген.

Биылғы жылы егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, 196 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде.

Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында мал азықтық дақылдар көлемін 2 мың 300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5 мың 400 гектарға ұлғайттық.

Әлеуметтік маңызды дақылдарды егіп алуға ынталы тұрғындар үшін өткен жылы арнайы жер телімдерін дайындап беруді бастаған болатынбыз.

Осы игі бастама 2023 жылы да жалғасып, қала мен аудандарда 5488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілді.

Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Сыр дихандарын мемлекеттік қолдау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілді.

Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 млрд 200 млн теңгеқаралды.

Ғалымдармен бірлесіп (Украина мемлекетінің), өңірімізде демонстрациялық алаң ашылуда.

Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдардың (соя, күнбағыс, жүгері, бидай) күріштің бірнеше сорттарын тәжірибе ретінде енгізу.

Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі – өзен суымен тікелей байланысты.

Сырдария өзенімен Аралтеңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 8 млрд 500 млн текше метрге азайып кетті (27 млрд м3-ден 18,5 млрд м3).

Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз.

Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде, өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, ағымдағы жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су түсті.

Мемлекет басшысының қолдауымен өткен жылдан бастап, құны 4 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асуда (2022 жылы 500 млн теңге, 2023 жылы 1,9 млрд теңге бөлінді). Жоба келесі жылы аяқталады.

Нәтижесімен, Көкарал бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңізде су айналымы қалыптасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде.

БӨЛІСУ