«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыны игеру бойынша Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарында. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов аталған жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысында хабарлады.
«Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады. Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы», – деді Премьер-министр.
Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылға «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында ҚР Ұлттық қоры және облыстық бюджеттен 584,5 млн. теңге қаржы бөлініп, 6 жоба іске асырылуда.
Қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелерінің жөндеу жұмыстарын жүргізуге мердігер мекеме анықталып, «Қызылорда Жолдары» ЖШС-сі М.Шәменов көшесінің жөндеу жұмыстарын 90 пайызға аяқтады.
Аққұм елді мекеніндегі «Аққұм» көшесін күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып,мердігер мекеме «Ақтоған» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады.
М.Шәменов елді мекеніндегі Бұқарбай батыр көшесін күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды, мердігер «Қызылорда Жолдары» ЖШС. Күрделі жөндеу жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес тамыз айында басталады.
Бұқарбай батыр елді мекеніндегі А.Құнанбаев, Бұқарбай батыр, А.Төлеубаев көшелерін орташа жөндеуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер «Қызылорда Көлік Компаниясы» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарының 90 пайызын аяқтады.
Жалағаш кентіндегі «Наркескен» спорт клубы және орталықтандырылған кітапхана ғимараттарын табиғи газге ауыстыруға мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, «Наркескен» спорт клубының газ желісіне ауыстыру жұмыстары 15 пайызға және кітапхананың газ желісіне ауыстыру жұмыстары 70 пайызға орындалды.